Педиатрия пәнінде симуляциялық технологияларды қолдану

 28.03.2018 жылы Жамбыл медицина колледжінде Қазақстан Республикасы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы елдер медициналық колледждердің арасында «Денсаулық сақтау мамандарын дайындаудағы симуляциялық технологиялар» тақырыбында халықаралық қатысуымен өтетін республикалық семинар болып өтті.

Семинарда №10 «Балалар аурулары және туыстас пәндер» ЦӘК-нің төрайымы Елеуова Р.Р. «Педиатрия пәнінде симуляциялық технологияларды қолдану» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндамада ЦӘК-тің жетістіктерінің бірі инновациялық технологиялармен жұмыс істейтін симуляциялық орталықтың жұмыстары туралы айтылды.

                           «Педиатрия пәнінде симуляциялық   технологияларды қолдану»

           Білім әлеуметтік қажеттілік. Білім –қоғамдық құндылықтардың аса маңыздысы. Білім бар жерде алынбайтын қамал жоқ. Елбасымыз 2018 жылы жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласына ерекше назар аударып, озық міндеттерді алдымызға максат етіп қойды. Өскелең ұрпақтың ұлттық сананы бойына сіңіріп, болашағын болжап, жаңа заманның даму қарқынына қарай өзіндік озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттілігін атап өтті.         Осыған орай Түркістан жоғары медицина колледжінде осы заманға сай, білім беру жүйесі-студенттерге сапалы білім беріп, білікті маман даярлаудың бірден-бір жолы – теориялық сабақтарда алған білімдерін симуляциялық бөлмелерде ұштастыруда.

   Колледжіміздің №10 Балалар аурулары және туыстас пәндер Циклдік Әдістемелік Комиссиясының үлкен жетістіктерінің бірі – инновациялық тәсілдермен жұмыс істейтін симуляциялық орталық. Симуляциялық орталықта медбикелерді арнайы симуляциялық технологиялар арқылы оқытады. Бұл әлем бойынша медициналық кадрлардың біліктілігін арттыруда таптырмайтын әдіс болып саналады. Осы орталықта болашақ медбикелер біліктілігін жетілдіріп, аурулардың клиникалық белгілерін анықтап, алғашқы медбикелік диагноз қойып, медициналық көмек көрсету әдістерін игере алады.

     Симуляциялық оқытудың дәстүрлі оқытудан ерекшелігі науқасқа медициналық манипуляция жасамас бұрын, студент клиникаға дейінгі тәжірибені симуляторда жасап, клиникада науқаспен жұмыс істей алу дағдысын дәлелдеп, әрі қарай аурумен жұмыс істеу қабілетін көрсетуі қажет.

   Тәжірибелік кабинеттер оқу үрдісіне қажет құрал-жабдықтармен, маникендермен, муляждармен, фантомдармен, клиникаға дейінгі кабинеттер электронды симуляциялық тренажорлармен жабдықталған. Атап айтатын болсақ, «Newborn HAL» -жаңа туылған нәрестеге арналған симуляциялық манекен, жаңа туылған нәрестелерге, 3 жастағы, 7 жастағы балалардың жүрек-өкпе реанимациясына және эндотрахеяны интубация жасауға, бала күтіміне арналған манекен-тренажерлар бар:

Бұл манекендердің сыртқы түр-пішіні мен «терісі» балаға ұқсас жасалған. «Newborn HAL» симулятор компьютер арқылы дистанционды түрде басқарылады. Арнайы мониторда нәрестенің өмір сүруіне маңызды көрсеткіштер көрсетіледі. Симуляторда арнайы бағдарлама көмегімен әртүрлі патологиялық өзгерістердің (асфиксияның, стридордың, орталық цианоздың, тырысулардың, асистолияның) сценарийлерін енгізуге болады. Манекенде асфиксия жағдайында мониторда ЭКГ-ның, қан қысымының, тыныс алу жиілігінің және сатурацияның көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік береді.

Атап айтсақ, Апгар кестесі бойынша жаңа туылған баланың жағдайын бағалауды ситуациялық есептерді шешу арқылы, симуляциялық HAL атты нәресте манекенінде іс-жүзінде көріп, асфиксия дәрежесін анықтап, көмек көрсетуді үйрене алады.

Мысалы айтатын болсақ: 38 апталық нәресте. Туылған кездегі салмағы 3800г, бойы 53см, нәресте ауыр жағдайда, қағанақ суы меконий аралас, терісі көгілдір түсті, жүрек соғысы күңгірт, ритмі баяу, дем алысы анда-санда немесе тоқтап қалып тыныстауда, бұлшық ет тонусы өте төмен, рефлекстері әлсіз деп берілген. Осы жағдайды студенттер симуляциялық менекенде бағдарламасына еңгізілген сценарийлер бойынша нәрестеде объективті өзгерістерді қарау арқылы анықтайды. Монитордағы (5-балл  РS-119, Т.А -21/19, СО2-47, Қ.Қ-51/31, сатурация-75), 6 - балл  (РS-130, Т.А -30/29, СО2-51, Қ.Қ-55/33, сатурация-80) көрсеткіштерге сүйене отырып Апгар кестесі бойынша орташа дәрежелі (5-6 балл)  асфиксия деп диагноз қойып, көмек көлемін жоспарлап, іске асыра алады.

«Newborn HAL» - жаңа туылған нәрестеге арналған симуляциялық манекенімен жұмыс жасау үстінде:

Симуляциялық орталықта “Pesusci Anne Basic” манекендері арқылы жүрек-өкпе реанимациясын жасауға болады.

  1. Баланы тегіс, қатты жерге арқасымен жатқызып, ауыз қуысын және  жұтқыншағын шырыштан,  құсық  массасынан  тазартады.
  2. Баланың басын шалқайтып, тыныс жолдарын ашып, иық астына валик қояды.
  3. Төменгі жақты алға және жоғарыға жылжытады (иек мүмкіндігінше жоғары жағдайда болуы керек).
  4. Баланың ауызын дәкелі салфеткамен жауып, реанимациялық шаралардың басталу уақытын белгілейді.
  5. Баланың мұрнын қысып, терең тыныс алып, баланың аузын ерінмен қамтып, ауаны аздаған күшпен үрлейді.
  6. Кеуде клеткасы толық көтерілген кезде, үрлеуді тоқтатып, тыныстың пассивті шығуына мүмкіндік берді. Үрлеу жиілігі минутына 20 рет.
  7. Алғашқы 5 үрлеуден кейін, жүректің тікелей емес массажын жасауды бастайды.
  8. Реанимация жасаушы баланың оң немесе сол жағына тұрып, төстің төменгі 1/3 бөлігіне оң қолдың алақанымен  кеуде клеткасын 2,5-3,5 см тереңдікке ығыстырып басады.Компрессия жиілігі минутына 80-100 рет.
  9. Реанимациялық шаралар келесі қатынаста жүргізілді: 2 үрлеуге 30 компрессия.
  10. Жүрек –өкпе реанимациясының 5 циклінен кейін баланың жағдайын   бағалайды (өздігінен тыныс алу,  жүректің соғуы, ұйқы артериясындағы  пульсты, цианоздың азаюы, көз қарашығының тарылуы).  Жүрек –өкпе реанимациясы  жедел жәрдем келгенге дейін немесе  баланың өмір сүру  қабілеті қалпына келгенге дейін жүргізілді.

7 жастағы балаға жүрек-өкпе реанимациясы

                 Балалардағы эндотрахеальды  интубация жасау алгоритмі.

Қажетті құрал жабдықтар: эндотрахеальды түтікше 3-5 жаста  №4 өлшемде, сыртқы дм көлемі  3 жас 7,3-7,6 мм; 3-6 жас  8,0-8,3 мм.

Эндотрахеальды түтіктің  ұзындығы ауыз бұрышынан  құлаққа дейінгі 1,5 қашықтыққа тең болуы тиіс. Ларингоскоп, электрлік батареясы бар және шам орналасқан жүзден  тұрады. Жүзі тура немесе  иілген пішінді болады. Балаларда  жиі тура жүзді  ларингоскоп  қолданылады.

  1. Ларингоскоптың  жарамдылығын тексеру үшін, шамының қосылуына қарайды.
  2. Науқас бала горизонтальды күйінде жатқызылады.
  3. Басы артқа қарай шалқайтылады.
  4. Оң қол саусақтары арқылы ерінін ашып, астыңғы жағын алдына  қозғайды, ларингоскоп сол қолда болады.
  5. Ларингоскоптың шамын жағып, ауыз қуысына енгізіледі алдымен тілді жоғары  және содан кейін  солға ығыстырады.
  6. Жүздің  соңы ауыз –жұтқыншақ түбіріне келіп тіреледі, сол кезде көру аймағында өңешке ену аумағы  сопақша пішінді  байқалады, бұл кезде  жүзді аздап өзіне  қарай тартады, осы сәтте кеңірдек үсті қою-қызғылт  жапырақ пішінді болып көрінеді, кеңірдек үстіне  жоғары  басқанда дауыс байламы ашылады.
  7. Дауыс байламы көріне салысымен оң қолға эндотрохеальды түтікшені алып, 1,5-2,5 см тереңдікке енгізеді. Дауыс байламы үнемі көру  аймағында болу үшін көмекші кеңірдек қабырғасын ақырын саусақпен басады. Түтікшені жүзіне аздап қырындатып енгізеді.
  8. Эндотрахеальды  түтікшенің кеңірдекте  тұрғанын, өкпені тыңдау арқылы тексереді.
  9. Орнын анықтаған соң, түтікше  бекітіліп, адаптерге қосылады.

      Ескерту: Эндотрахеальды интубациясын жүргізудің барлық кезеңінде оттегін ағынмен  жіберу арқылы оксигенация жүргізіп отырады.

                            Эндотрахеальды  интубация іс-әрекеті

       

Сөзімді қорыта келе  симуляциялық әдісті қолдану теория мен тәжірибені біріктіру болып саналады. Симуляциялық оқыту студенттің клиникалық қабілетін арттырады. Студент аталған теорияның мағынасын, оның маңызын және тәжірибеде қалай қолданылатынын үйренеді.

Симуляциялық әдіс білім алушыларға тәжірибенің өмірдегі пайдасын түсінуге мүмкіндік береді. Колледжде бүгінгі таңда симуляциялық әдісті  іске асыру маңызды екендігі дәлелденіп отыр. 

We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…